БЕЙБІТ АСПАН АСТЫНДА
Ulytautv 12-май, 13:38 0 ЖАҢАЛЫҚТАР / ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ / ЖЕЗҚАЗҒАН ҚАЛАСЫ
Қасиетті Теректі жерінен де 59 азамат соғысқа аттанды, олардың елге аман оралғандары туған жеріне туын тігіп, соғыстан кейінгі ел экономикасын қалпына келтіруге, ауылын өркендетуге атсалысты, ұлағатты ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Сол майдангер аталардың ұрпақтары «Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс» атты іс-шара өткізу арқылы аға буынға құрметін көрсетіп, олардың ерлікке толы өмір жолдарын жас ұрпаққа үлгі етуді парыз санаған.
Ұйымдастырушылар, Жеңіс күнін жоғары деңгейде өткізуге күш салған. Ауылдық клуб алдындағы көріністер соны айғақтайды. Қоғам,партия өкілдері келіп, арнайы құттықтауларын жеткізді. Ұлытаудың әншілері, музыкалық және би ұжымдары өнер көрсетті. Ұлытау облысының өркендеуіне зор үлес қосқан теректілік қос азамат, майдангер ұрпақтары Нүриден Наурызбаев пен Ізбасар Қожақов облыс әкімі Дастан Рыспековтың Алғыс хатымен марапатталды. Еңбектерімен ерекшеленген бірқатар ауыл тұрғындарына Жезқазған қаласы мен Кеңгір ауылы әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді. Соғыс жылдарының әндері, романстар шырқалды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұқаш Сейтқазинов майдангерлер рухына арнап өлең оқыды.
Майдан даласында және бейбіт өмірде дүниеден озған батыр аталарымыздың рухына ата-баба дәстүрімен Құран бағышталды. Сондай-ақ, спорттық ойындардан жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаздар анықталды.
ГҮЛІМ МАРАТҚЫЗЫ, БЕКЖАН МАРАТҰЛЫ
«ҰЛЫТАУ»ТЕЛЕАРНАСЫ