ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНАН 16 ОҚУШЫ NIS ГРАНТЫН ИЕЛЕНДІ

Ұлытау ТВ жаңалықтары

Жезқазғанда ашылғанына небәрі екі жыл болған «Zerdeli-ZhezU» халықаралық мектебі қысқа уақыт ішінде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Өткен жылы мектептің 20 оқушысы Назарбаев Зияткерлік мектептері мен «Білім-инновация» лицейіне оқуға түссе, биыл бұл көрсеткіш еселене түсті. Мектеп директорының айтуынша, 2025 жылы тек Назарбаев Зияткерлік мектептеріне 16 оқушы грант жеңіп алған.  Бұл — жас білім ордасы үшін үлкен жетістік әрі ұстаздар еңбегінің жемісі.


 

Айдын ӘБІЛҚАЙЫРОВ «Zerdeli- ZhezU» халықаралық мектебінің директоры

 

Бұл әрине жалғыз мектеп үшін емес, Ұлытау облысы үшін үлкен жетістік. Оқушыларымыз Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев мектебіне және Қарағанды қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев мектебіне оқуға түсті. Алда енді білім-инновация лицейіне қабылдау емтиханы жүреді. Оған да қазіргі таңда қарқынды дайындық жүруде. Жалпы біздің мектебіміздің бағыты математика-логика екені белгілі. Сондықтан да біздің оқушыларымыз керемет нәтиже көрсетуде.

 

Қазіргі таңда білім ордасында 306 дарынды бала үштілде білім алып жатыр, оларға 39 мұғалім сапалы білім беруде.Елдегі үздік мектептердің біріне түсу үшін математика, логика және тілдер бойынша күрделі тестілеуден өту қажет.Сол сынақтан сүрінбей өткендердің бірі – Каусар Тасыбаева. Ол химия-биология бағытын таңдап, Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне қабылданды. Кәусар болашақта білікті тіс дәрігері болуды армандайды.


 

Кәусар ТАСЫБАЕВА Назарбаев зияткерлік мектебінің грант иегері

 

Осы  «Zerdeli- ZhezU» мектебіндегі ағайлар мен апайлар НИШ-қа балаларды өте жақсы дайындайды. Және мен осы мектептің арқасында НИШ-қа грантқа түскенмін.

 

Zerdeli мектебіндегі жетістіктерге ең алдымен ата-аналар қуанып отыр. Бұл – олардың балалары үшін үлкен мүмкіндік, жарқын болашаққа бастар жол.


 

Сымбат ЖЕТПІСБАЙҚЫЗЫ ата –ана

 

Қызым бастауыш сыныпты №10 мектепте оқып, кейін 5-сыныпта «Зерделіге» ауысты. Осы екі жыл ішінде оның дайындыққа бар ынтасымен кіріскенін байқадым. Бұл жетістік – баланың еңбегімен қатар ұстаздардың да ерен еңбегінің нәтижесі. Мектептегі тәртіп пен білім беру сапасы өте жоғары. Қызым 1500 ұпайдың 1255-ін жинап, Қарағанды облысы бойынша 12-орынға шықты. Осындай білім ордасын Жезқазғаннан ашқан ұжымға ризашылығым шексіз.

 

Zerdeli мектебінің табысы – жүйелі білім беру, сапалы әдістеме және оқушылардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Білім ордасы алдағы уақытта да еліміздің үздік оқу орындарына оқушыларды дайындауды жалғастырмақ. Ал оқушылар үшін бұл – тек бастамасы ғана. Алда әлі талай сынақ пен жеңіс күтіп тұр.


 

ГҮЛІМ МАРАТҚЫЗЫ, ДУМАН ОРАЗОВ

«ҰЛЫТАУ»ТЕЛЕАРНАСЫ


Пікірлер (0)

пікір қосу

ҚАРАЖАЛ ҚАЛАСЫ

показать еще