СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ПІКІРСАЙЫС ТУРНИРІ
Ulytautv 14-май, 09:43 0 ЖАҢАЛЫҚТАР / ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ
Сыбайлас жемқорлықпен күрес- кез келген ел үшін басты міндеттердің бірі. Бұл бағытта өңірде кешенді шаралар қолға алынған. «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы шеңберінде биыл Департамент 40-тан астам іс-шара ұйымдастырған. Жастар арасындағы пікірсайыс осы бастамалардың жалғасы.
Зияткерлік алаңда 10 команда бас қосты. Жас пікірсайысшылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы, әділеттілік пен адалдық ұғымдарын, сондай-ақ азаматтық ұстаным мәселелерін талқылады. Шараның негізгі мақсаты да сол – жастардың құқықтық сауатын арттырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.
Ашық форматтағы турнир қатысушыларға өз пікірлерін еркін білдіруге ғана емес, сонымен қатар қазіргі заманғы құқықтық мәселелерге тереңірек үңілуге мүмкіндік берді. Шара барысында оқушылар құқықтық сауаттылықтың маңызын атап өтіп, мұндай пікірсайыстар жиі ұйымдастырылып тұрса дейді.
Турнир қорытындысы бойынша үшінші орынды Әлкей Марғұлан атындағы жалпы білім беретін мектептің «Аристократ» фракциясы иеленді. Екінші орынға Сәкен Сейфуллин атындағы гимназияның «Абсолют» фракциясы лайық деп танылды. Ал, бірінші орынды Бауыржан Момышұлы атындағы №1 мектеп-гимназиясының «БМ» фракциясы жеңіп алды. Сонымен қатар, қатысушылар «Үздік спикер», «Үздік шешен», «Үздік аналитик» және «Үздік төреші» номинациялары бойынша да марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
ГҮЛІМ МАРАТҚЫЗЫ, ДУМАН ОРАЗОВ
«ҰЛЫТАУ»ТЕЛЕАРНАСЫ