ЖАС ҚҰТҚАРУШЫЛАР ЖАРЫСЫ

Ұлытау ТВ жаңалықтары

 Дода ерекше басталды. Жарыстың ашылу сәтінен-ақ алаңда қызу дайындық пен серпін сезілді. Биылғы жарыс жезқазғандық 11 мектептің жас құтқарушыларының басын қосты. Шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында азаматтық міндетті арттыру, өрт, апат кезінде жедел әрекет ету шеберлігін қалыптастыру.


 

Чингиз САМИЕВ Ұлытау облысы ТЖД бастығының орынбасары

 

Жасөспірімдер арасындағы бұл жарыс жыл сайын өткізіліп, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруға, төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету дағдыларын үйретуге және құтқарушы мамандығына қызығушылықты арттыруға бағытталған. Бүгінгі сайыста жеңіске жеткен команда облыстық кезеңге жолдама алады. Ал облыстық жарыста топ жарғандар республикалық деңгейде өңір намысын қорғайды. Онда еліміздің ең үздік құтқарушылар командасы анықталады.

 

Жарыстың алғашқы кезеңі Кенгір су қоймасында ұйымдастырылды. Командалар алдымен өздерін таныстырып, артынша бірден сайыс тапсырмаларын орындауға кірісті. Жас құтқарушылар шартты түрде зардап шеккен адамға көмек көрсету дағдыларын көрсетуі тиіс болды. Олар александр түйінін лақтырды, қайықпен суға батқан адамды құтқарды.Әр кезеңдегі тапсырмаларды дұрыс орындау командаларға белгілі бір ұпай санын әкелді.


 

Уалихан ДАСТАН жас құтқарушы

 

№8 гимназияда 9 сынып оқушысымын. 2 жыл бойы 1 орынмен келе жатырмыз. Төтенше жағдай деген қызмет өте ауыр. Өйткені қиындықтар көп. Алла қаласа чемпион боламыз деген ойдамын.

 

Сайысқа қатысқан оқушылардың көбі болашақта құтқарушы, өрт сөндіруші болуды армандайды. Әрі бұл балалар қауіпті жағдайда қалай әрекет ету керектігін біліп өседі, қатарластарына да жеткізеді, дейді ұйымдастырушылар.


 

«Жас құтқарушылар» жарысының екінші һәм қорытынды айналымы әдеттегідей Металлург стадионында өтті.Қатысушылар қоршаудан өтіп, өрт сөндіргішті белгіленген орынға жеткізіп, «жауынгерлік қанат жаюдан» ,өртті өшіруден сынға түсті.Барлық тапсырмалар қауіпсіздік техникасы талаптарын сақтай отырып орындалды


 

Алихан МҮБАРАКОВ жас құтқарушы

 

Біз бұл жарысқа алғаш рет қатысып жатырмыз. Тапсырмалар өте қызықты. Алдымен ескек базасына барып, құтқару шеңберлерін лақтырдық, қазір эстафета өтіп жатыр.

 

Мансур КИМ жас құтқарушы

Өте қызықты болып жатыр, дегенмен кейбір сәттерінде түсініксіз тұстары да болды. Басқа командалардың өнерін бақылау да қызықты. Біз шамамен үш апта дайындалдық.

 

Биылғы жарыста №8 гимназиясының жас құтқарушылары тағы да топ жарып, қатарынан үшінші жыл чемпион атанып –облыстық кезеңге жолдама алды. Екінші орынды №5 жалпы білім беретін мектептің командасы иеленсе, үшінші орын №4 мектептің оқушыларына бұйырды.


 

ГҮЛІМ МАРАТҚЫЗЫ, ДУМАН ОРАЗОВ

«ҰЛЫТАУ»ТЕЛЕАРНАСЫ


Пікірлер (0)

пікір қосу

ҚАРАЖАЛ ҚАЛАСЫ

показать еще